Кеш батып келе жатқан кез болатын. Аспан айсыз, бұлтты. Сағат жетіде айнала қараңғы болып қалды. Анау төсегінен сүйретіліп әрең тұрды. Алдымен миға келгені - далаға шығып, сергіп қайту еді, бірақ, басы құрғыр зың ете қалды. «Атаңа нәлет-ай», -деп ойлады Анау, «Осы басы құрғыр неге ауыра береді. Ааа! Таңға жақын арақ бітіп, коньяк ашқан екем ғой. Ох, құрғыр-ай, осы араластырмаймын десем де, ұмытып кете берем... Ұмыттым демекші... содан кейін не болды... Мәссаған, сонда мен мас болып қалғаным ғой. Қап, қыздар қайда кетті екен? Ит-ай, керек емес кезде қисайып қалғанымды қарашы». Өзіне-өзі ашуланып, Анау ваннаға бет алды. Айнаға қараса, әнеу күнгі әкесі келіп, машина алып беріп кеткендегі түрден дым қалмаған. Көңілі қалағанша ұйықтап, күн сайын бірнеше бөшке арақ ішкендіктен бет сабадай болып іскен. Тіпті, жүрегің айнымай қарау мүмкін емес. Анау да өзінен шошынды. Мырс етті. «Түрің құрысын! Тіпті көшедегі бич та менен әдемі шығар». Тағы да мырс етті. «Бүгін ішпесем ертең-ақ әдемі жігіт болып шыға келмеймін бе? Әкем келгенде галстукты тағып, машинаны жуып, әуежайдан күтіп алсам болды, ол да ырза, менде де ақша бар... Бірақ, жұмыс тауып, өз бетімше өмір сүретін кез де келді ғой. Әке байғұс обалы нешік, оқытты, пәтер, машина алып берді. Енді менікі не? Бірақ жұмыс іздедім ғой. Тек кеше сұхбаттасуға ұйықтап қалғаным болмаса». Сөз көп, бірақ екі қол жұмыссыз. Күрек табылмай жүр ме, әлде күректі іздегісі келмейді ме, бұл жөнінде Анау ойланбады. Әлдене есіне түсіп, Анау тағы мырс етті. «Соның алдында түнде жақсы қыдырдық-ау. Неше шиша ішіп, қанша наша шектік екен?! Ал, әнебір жігіт қайдан тап болды? Ішпеймін, ертең жұмыс дейді. Сондағы жұмысы-банкте кассир...Миыңды ұрайын десейш... Бірақ, менде ондай да жұмыс жоқ. Қой, енді сұхбатқа шақырса, ұйықтап қалмай бару керек... Әкені қашанғы құр сөзге тойдыра берем. Болды, шешілді. Бүгіннен бастап адам боламын. Ох... бүгін кездесеміз деген едік қой... Сағат он бірде... Оған дейін мен... » Ананың ойы тағы басқаға кетті. Апыл-ғұпыл киінді де, үйінен ата шықты. Есік алдында қаңтарулы тұрған машинасына отырғанша асықты. Сүліктей қара, су жаңа сергек машина гүр ете қалды. Орнынан сыза қозғалған Анау, көзді ашып-жұмғанша бұрылыстан асып жоқ болды.
Бұл
Кеш батқан кез. Аспан айсыз, бұлтты. Сағат онда дала тіпті тас қараңғы болып қалды. Қала көшелерінде машиналар сиреген уақ. Бұл осыны пайдаланып, тақымындағы көлігімен зуылдап келеді. Бірақ, ойы-көлігін сынау емес. Бұның көңілі адуынды көлікті де артқа тастап, тым аулаққа кеткен. Ойына қайта-қайта келіншегінің айтқан соңғы сөзі орала береді. «Жап аузыңды, бишара!» Оның маған бұлай айтуға қандай қақы бар?! Екеумізді асырап, бағып отырған мен емес пе?! Жегені алдында, жемегені артында! Не керек одан артық?! Бұл байқайтын емес, ойлана түскен сайын көліктің жылдамдығы артып келеді. «Менің әкем болмағанда дейді!» Не істепті соншама сенің әкең?! «Бірбеткей, адаммен сыйыса білмейтін қыз тәрбиеледім»,-деп мақтана алатын шығар тек! Отбасыңмен сондайсыңдар! Адам жанын түсіну, оның сезімдерімен санасу ойларыңа да кіріп шықпайды! Өздеріңе жақсы болса болғаны! Мен сенің әкеңнен көмек сұрағам жоқ. Осы жеткенімнің бәрі - өз еңбегім! Ал, сен... Сенің сезімдерің қайда кетті?! Сүйем деуші едің ғой! Сенің жарың болам, сенімен отқа да күйіп, мұзға да тоңам деуші едің ғой! Қайда, бұрынғы кіршіксіз сезім?! Қайда, қайда қалды жастық арман?! Қайда қалды?! Кім сені адастырды?! Әлде екеуміз де адастық па? Бәсе, солай шығар. Ойға берілген Бұл бағдаршамға келіп қалғанын енді байқады. Тежегішті барынша басқанмен, көлігі бірден тоқтаған жоқ. Ысқыра келіп, өзгелерден озық тұрған қара машинаның қасына әрең тоқтады. Қорқып кеткен Бұл есін жинап айналасына қарады. Қара машинаның ішіндегі жігіт Бұны келемеждеп мәз болып отыр екен. «Атаңның басына күлесің бе?», деген ой келді Бұған. Осылай айтып салуға да оқталды. Бірақ Бұл райынан тез қайтып: «Мен анаумен жарысып, сан соқтырып кетейін», -деп ойлады. Ымдап, жарысасың ба дегенді байқатты. Анау да кет әрі еместігін көрсетіп, қоқилана қалды. Бағдаршамның көк көзі қуана жарқ еткені мұң екен, екеуі де бір мезетте орындарынан ытқи қозғалды. Екеуі де қалысар емес. Бұл жылдамдықтың жүзден асқанын көріп шошиын деді. Бірақ, өзі бастап өзі қалып қоюға намысы жібермей, жылдамдықты арттыра түсті. Бағдаршам жақындап қалды, оның көк көзінде енді қуаныштың емес қатігездіктің лебі бар.
Ол
Түн билігі орнаған кез. Аспан айсыз, бұлтты. Сағат он бірде қалтарыс көшелерде көзге түртсе көрінгісіз түнек орнаған. Бірақ, Ол бұған назар аударар емес. Ол осы қараңғылықтың өзінен ләззат алып келе жатыр. Өйткені, түнде мұның мәз болып, жынды адам ұқсап жымиып келе жатқанын ешкім көрмейді. Өзінің бақытымен, қуанышымен, сезімдерімен өзі ғана. Оңаша. Жаңа ғана сөйлесу бекетіне барып, ауылға қоңырау шалды. Анасына алғашқы емтиханнан бес алғанын жеткізді. Анасы да дән ырза. «Құлыным, үмітімді ақтадың»,- деді маған. Мен бақыттымын!», -деп ойлады Ол, «Анашым, менің мақсатым сені қуанту ғой. Сен шаттансаң-маған одан артық не қажет? Мен сені бақытты етем. Оқуымды бітіріп, жұмысқа тұрам. Үй алып... Ай, кейде қиялдап кетемін-ау. Бірінші емтиханнан бес алдым деп бөсетінім не осы?! Ертең тағы да сынақ бар емес пе! Соған дайындалайын. Қазір, жатақханада көршілерім шулап мазамды алмаса болғаны... Шіркін-ай, кеше көрші бөлмеге көшіп келген қыздың есімі кім екен?! Өзі сондай сұлу. Егер ол менің келіншегім болса, анам қандай шаттанар еді?! Ертең барып таныссам ба екен? Танысам әрине!» Ол үлкен көшеге қалай келіп қалғанын байқамай да қалды. Сұлудың бейнесі оны асықтыра түсті. Тіпті, жақын жерде машина жоқ екенін көріп, тезірек жолдан өтіп кеткісі келді. Алайда, аяқ астынан пайда болған су жаңа қара машина Оны бір түйіп ұшырып жіберді де, өзі барып, жол жиегіндегі бағананы сүзе тоқтады. Қара машинаға ілесе келген келесі көлік те бағанаға соғып төңкеріліп қалды.
Бәрі.
Ол не болғанын түсінбей де қалды. Әуелі тұла бойы тұтастай ауырып кеткен секілді еді, енді түк сезетін емес. «Жазығым не?» деген ой келді Оған «Жазықсыз ем ғой. Анамның не кінәсі бар, арманымның ше?!». Ол ештеңені түсінбеген күйі көз жұмды.
Бұл жаяу жүргіншіні бірінші болып байқаған еді. Тежегішті басқанымен, бағанаға қатты соғылды. Бақилық болар алдында ойына келгені-жұбайы. «Сен ғана емес, мен де адасқан екем ғой. Неге мен сенің өзгергеніңді ерте байқамадым. Кешір, жаным. Отбасымыздағы берекені сақтап тұра алмадым».
Анау да өліп бара жатып әкесін ойлады. Өзінің төрт сағат бұрынғы ойлары есіне түсті. «Үлгере алмадым-ау, әке», деп ойлады Анау: «үлгертпеді-ғой сұм тағдыр! Ғұмыр, шіркін, келте екенсің ғой!»
Ол да, Бұл да, Анау да көз жұмды. Мәңкір-Нүңкірдің алдында Бәрі бірге «Ғұмыр, шіркін, келте екенсің ғой», дегенді қайталай берді, қайталай берді. О дүние қақпашылары мұны бұрыннан-ақ білетін. Алайда, Анау да, Бұл да, Ол да мұны кеш ұғынды.
Ал, өзгелер кінәліні іздеуде. Бірақ, кінәлі Өзіміз...
- Location:Ақтөбе
Аспан, жылан, қарлығаш, сүмелек
Сәттілік тілеймін.
Бүгін көшеге шығып, бір қызық ақиқатты анықтадым. Шындығында адам деген өзінің қандай екенін мүлде білмейді екен ғой. Біз өзімізді өзгенің бәрінен артық санаймыз. Істеген ісіміздің бәрін дұрыс деп есептейміз. Алайда өзгелердің де дәл осылай ойлайтыны, миымызға кіріп те шықпайды. Ақиқат па? Әрине ақиқат!
Мұндай ойға жетелеген қызық оқиға ертеңгісін орын алды. Достарымды шығарып салмақ болып вокзалға бара жатқанмын. Артымда келе жатқан бір топ жігіттің әңгімесін еріксіз құлағым шалды. Олардың аузынан шыққан төрт сөйлемнің ішінде (шынымен төртеу), бес боқтық сөз болды! Ішімнен не деген мәдениетсіз адамдар деп ойлап, артыма бұрылып қалсам, әлгі жігіттер өзімнің күнде сөйлесіп жүрген таныстарым, жолдастарым болып шықты. Әуелі бұған күлдім. Сәлден соң, бұлардың осылай сөйлесетінін неге күнде байқамаймын деген ой келді. Артынан бағдарлап қарап отырсам, мен де боқтықты олардан кем айтпайды екем! Сонда кім мәдениетсіз?! Ұятын-ай!
- Mood:
crazy
